22 Тамыз, 2015

Бір күнде 9 білім ұясы ашылды

712 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
мектеп Қызылорда облысында бір күнде 8 мектеп пен 1 балабақша ашылды. Әдетте мамыражай заман болды деп еске алатын Кеңес заманының өзінде мұндай жағдай болмаған шығар-ау. Нақ оқу жылының алдында бұған дейін ескі немесе апатты жағдайдағы білім ошақтарында оқып жатқан балалардың су жаңа мектепке көшуі көңілімізге қуаныш ұялатты. Мұның сыртында тағы үш мектеп қыркүйек айына дейін ашылады деп жоспарланып отыр.   Білім саласы – басты назарда «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, оқушылардың қуанышын бөлісуге Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Астанадан арнайы келіп, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевпен бірге білім ошақтарының ашылу салтанатына қатысты. Арал ауданының Жіңішкеқұм, Қосаман және Жаңақұрылыс ауылдарында бірдей үш мектеп бой көтерсе, аталған ауданда тағы бір мектеп пен балабақшаны қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазалының Аранды, Сарыбұлақ елді мекен­дерінде 100 орындық 2 білім ұясы іске қосылып, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылында 280 балаға арналған балабақша пай­далануға берілсе, тағы 600 орындық мектептің құрылысы да бітуге жақын. Дәл осындай жаңалықтан Сырдария ауданы да құралақан емес. Шаған ауылында бұл күні 900 орындық білім ошағы есігін айқара ашса, жаңа оқу жылына дейін Шіркейлі ауылында да 600 орындық мектеп ел игілігіне беріледі. Шиелі ауданы Бала би ауылының оқушылары да 900 орындық мектептің ашылуына куә болды. Сонымен қатар, Қызылорда қала­сындағы оқушылар үшін 900 келушіге арналған мектеп пайда­лануға берілді. Дәл осындай тағы бір оқу ошағы қыркүйек айында «Ипподром» шағын ауданында ашылады. Заманауи үлгіде салынған бұл мектептердің барлығында оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалған. Сонымен қатар, биыл өңірдегі мектептер жылдағыдай қыр­күйекте емес, қазірдің өзінде 100 пайыз оқулықпен қамтылып отыр. Алдағы оқу жылында 5 мыңнан астам бала алғаш рет жаңа мектеп табалдырығын аттамақ. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев оқушыларға жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, компьютермен жабдықталған кабинет және Елбасының атынан 1-сынып оқушыларына кітаптар табыстады. – Биылдың өзінде Қызылорда облысында 22 білім нысанын салуға 6,5 миллиард теңге бө­лінді. Жыл соңына дейін 19 мектеп пен 4 балабақша пайдалануға беріледі. Осылайша, Елбасының бізге жүктеген үш тапсырмасы толық орындалуда. Біріншіден, үш ауысымдық мектептер мәселесі шешілді. Енді Қызылорда облысында үш ауысыммен оқитын мектеп мүлдем жоқ. Екіншіден, апаттық жағдайдағы мектептерді 2016 жылға дейін толық жаңалаймыз. 2013 жылы Қызылордада 25 апаттық мектеп болса, оның 14-і қайта салынып, қалған 11 білім ошағын келесі жылдың соңында бітіруді жоспарлап отырмыз. Үшіншіден, Елбасы 2020 жылға дейін «Балапан» бағдарламасын толық жүзеге асыруды тапсырған болатын. Ал біз жыл соңына дейін балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтып, бағдарламаны бекітілген уақытынан бұрын аяқтаймыз, – деді Қырымбек Елеуұлы. – Елбасы жыл сайын республикада 100 мектеп салуды тапсырған болатын. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда Қызылорда облысы көш бастап келеді. Еліміздегі аймақтар арасында білім саласына үлкен мән беріп, білім ошақтарын ашуда да алдыңғы орында. Осындай білім саласына көрсетілген қам­қорлықтың арқасында биыл Сыр өңірінің түлектері Ұлттық бірыңғай тесті­леудің қорытындысы бойынша алдағы бесінші орынға шықты, – деді министр.

Үздік мектепке 17 миллион теңге берілді

Соңғы 2 жылда Қызылорда облысы республика бойынша әлеуметтік салаға көп қаржы бө­летін аймақтардың көшін бастап келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. Биылғы оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша Сыр өңірі 13-орыннан алдыңғы бестікке көтерілді. Мыңдаған қызылордалық жас түлек облыс әкімі гранттарын иеленді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы келісімге сәйкес 321 түлек Мәскеу және Санкт-Петербургтың маңдайалды жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұдан бөлек, жоғары және арнайы оқу орындарына бөлінетін «Серпін» бағдарламасымен де қызылордалық жастар тегін оқуға жолдама алды. Айта кету керек, талай жылдан бері талқыға түсіп келген Байқоңырдағы мектептердің проблемасы биыл оң шешімін тапқан болатын. Енді оларға қазақстандық білім стандартына сай оқулықтар жеткізілуде. Білім және ғылым министрінің Қызылорда облысына сапары барысында «Білім беру мазмұнын жаңарту: болашаққа бағдарлану» атты білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті. Биыл аймақтағы білім саласына 66 миллиард теңгеден астам қар­жы қаралды. Соңғы үш жылдың ішінде бұл салаға бөлінетін қаржы есе­леніп өсті. Соның арқасында күр­меуі қиын мәселелер шешімін тапты. – Маған әкім ретінде атқарған жұмыстардың ішіндегі ерекшесін айтыңыз десе, білім саласындағы жетістік дер едім. Өйткені, білім күр­делі жүйе. Қырағы түрде қада­ғалау қажет. Біз тағы бір жоба­ны қолға алдық. 22 білім оша­ғын инновациялық мектепке айнал­дырмақпыз. Яғни, өңірдегі білім ошақтарын Назарбаев мектебі үлгісінде жарақтандырамыз.Ұстаз­дарды оқыту керек. Оған қыруар қаржы қажет. Бірақ болашаққа инвестиция салудан бас тарпаймыз, – деді тамыз кеңесіне қатысқан Қырымбек Көшербаев. «Өңір жас кадрларға сенім артуымен ерекшеленеді. Мәселен, 25 жасқа дейінгі мұғалімдердің үлесі республикада 11 пайыз болса, бұл Қызылордада 16 пайызды құрайды. Енді магистр дәрежесі бар педагогтардың санын арт­­­тыруға байланысты жұмыс жасау қа­жет», – деді Білім және ғылым минис­трі Аслан Сәрінжіпов. Жиын соңында білім саласының дамуы­на айрықша үлес қосып жүрген бірқатар мұғалімдер «Ы.Ал­тынсарин», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбел­гілермен және министрлік пен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, «Үздік орта білім ұйымы» гран­тын №9 облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейі иеленді. Мектеп ұжымы 17 миллион теңгенің сертификатын алды. Бұл мектептен 2 халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы шықты. ҰБТ қорытындысында орташа 105,5 балл жинады. Бұл еселі еңбектің жемісі. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.